Пайғамбарымыздың (с.а.у) сыйлық алуы
Сахабалары Хазіреті Пайғамбарға әр түрлі сыйлықтар жіберетін. Пайғамбарымыз (с.а.у) достары мен жақындарының жіберген сыйлықтарын сүйіспеншілікпен алатын, кері қайтармайтын.
Бір күні бір кісі Расулұлаһқа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мата тарту етеді. Бірақ сол матаны кейіннен біреу сұрағанда бере салады.
Расулұллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сыйлық бергендерге өзі де сый тартуды ұнататын. Бірде Фазарұлдарының бірі түйе сыйлаған еді. Пайғамбарымыз (с.а.у) оған сыйына сый жасауға әрекет жасағанда, ол қатты қысылды. Осыны байқаған Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Сендер маған сыйлық әкеліп жатырсыңдар. Мен алып жатырмын. Ал, мен сол сыйлықтарыңа лайық қайтарым сыйлық берейін десем – қысыласыңдар. Егер осылай істейтін болсаңдар, мен де бұдан былай сендердің сыйлықтарыңды алмаймын», — дейді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзіне жасалған игі іске жақсылық жасамаса тұра алмайтын. Ең жақын досы Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһ анһу) көш кезінде бір түйені сыйға бергісі келеді, бірақ сол мезетте оның ақысын төлейді.
Тағы бірде Мәдинада мешіт құрылысы кезінде Оған біреу жер береді. Пағамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оның ақысын төлеп бере алады. Сыйлық алысып-берісу сыйластыққа дәнекер болады деп, былай дейтін:
«Сыйлық алып-берісіңдер. Бұл – бір-біріңе деген сүйіспеншілікті арттырады».
Сыйлықты тек бір жақ қана беріп қоя салатын болса, әрине мұның ешқандай мәні жоқ. Себебі, адам баласы бойындағы сүйіспеншіліктің өлшемі –беру, сый жасау. Адам сыйлықты берген сайын бір-біріне деген сыйластықта күшейе түседі. Сыйлық алып-берісу сүйіспеншіліктің ең керемет құралы.